Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұстаздар қауымы ювеналдық полицейлерге алғыстарын айтты

Петропавлда ұстаздар ювеналдық полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлдық ұстаздар қалалық Полиция басқармасы құрамындағы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушеваға бөлімше сапында қызмет атқарып жүрген полицейлер Айгүл Кәрімова мен Гүлмира Темірғалиева сияқты білікті мамандарды даярлағаны үшін алғысын айтты.

Алғыс хаттар СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың атына Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі мен № 21 орта мектептің басшылығынан келіп түсті. Ұстаздар қауымы ювеналдық полицейлердің ата-аналар мен балалардың тұрмысында туындайтын проблемаларды шешудегі ерекше ролін айтып өтті.

Колледж қызметкерлерінің айтуынша, бойжеткен студенттердің бірінің анасы шетелге кетіп қалыпты. Жасөспірім үлкен қалада жалғыз, үлкендердің қарауынсыз қалған. Мұны полиция инспекторы байқап, тез арада қажетті шараларды қабылдады. Қазір жасөспірім қыз әжесімен бірге тұрып жатыр. Алғашқы оқу жылын жақсы аяқтады. Келесі бір отбасыда анасының қиын жағдайға тап болуы оқушы қыздың сабақ үлгеріміне әсер еткен. Үй ішінде санитарлық нормалар да сақталмаған. Инспектор Айгүл Кәрімова бұл мәселені қысқа уақыт ішінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қалалық комиссияның қарауына жолдап, жағдай тұрақталғанша отбасыға барынша көмегін тигізді. Нәтижесінде анасы тұрақты жұмыс тапты, отбасының тұрмысы түзелді. Ал білім алып жүрген студент қыз сессиясын жақсы бағалармен аяқтады.

– Біздің мақсатымыз – бастарына қиындық түскен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға көмек көрсету. Оларға дұрыс бағыт беру. Осындай жұмысымыз үшін ұстаздардан алғыс алу біз үшін үлкен құрмет деп білеміз. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар білім ордаларында әлеуметтік ұстаздармен және психологтармен бірлесе отырып жұмыс істейді. Дәл осындай тығыз қарым-қатынаста ғана ортақ нәтиже шығады, – дейді Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру