Карантин тәртібін бұзған 63 адам қамауға алынды
Ақтөбе облысында полицейлер еріктілермен бірге ТЖ режимін бақылауды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 сәуірге дейін тәртіп сақшылары облыста режим бұзған 325 деректі анықтады. ҚР ӘҚБтК 476 бабы бойынша (ТЖ режимін бұзу) – 298 адам ұсталса, оның 63-і қамауға алынды. 117 адамға айыппұл салынып, 60 тұрғынға ескерту жасалды. 51 материал сотқа кетті.
Көбіне ТЖ режимін бұзушылар – дүкен иелері. Себебі олар белгіленген мерзімнен артық жұмыс істеуін тоқтатпайды. Мұндай деректер 100-ден асып жығылады. Олардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылды.
ҚР ӘҚБтК 478-бабына қатысты (ТЖ режимінде тәртіп бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер) 27 дерек бар. Сол бойынша 14 адамға айыппұл салынып, 12-сі қамауға алынды.
ТЖ жарияланғалы қанша уақыт өтсе де, блок-бекеттерді заңсыз айналып өтушілер де азаймай тұр. Ақтөбе облысында ондай 16 жағдай тіркелді. 4 адам қамауға алынып, 2-еуі айыппұл төлеуге мәжбүр болды. 10 материал сотқа жіберілді.
Мысалы, 12 сәуір күні Киселев көшесінде 24 жастағы жігіттің ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармағын (ТЖ режимін бұзу) бұзғаны белгілі болды. Мамандандырылған әкімшілік сот оған 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды (27.780 теңге).
Полиция департаменті қала тұрғындарын карантинге қатысты қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Осы тәртіптердің бәрі инфекцияны таратпаудың алдын алу үшін жасалып отыр. Қауіпсіздік шараларын сақтауды, жеке қорғану құралдарын (маскалар мен медициналық қолғаптар) киіп жүруді, аса қажетсіз жағдайда далаға шықпауды сұраймыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз.