Карантинде 100 адамдық той өткізген шымкенттіктер жауапқа тартылды
Карантинде 100 адамдық той өткізген шымкенттіктер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 18 шілдесінде Абай ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті мейрамханалардың бірінде тұрғындар қыз ұзату тойын өткізіп жатқанын анықтады. Тойханада 100-ге жуық адам жиналған.
Тәртіп сақшылары тойды тоқтатып, карантин режимінің талаптары туралы түсіндірме жұмысын жүргізіп, жиналған азаматтарды тарқатты.
Аталған жайт бойынша жинақталған іс-құжаттар қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.
Айта кетейік, қала аумағында Шымкенттің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысының талаптарын бұзу фактілерінің алдын алу және оларды болдырмау мақсатында күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Мұндай жайттар анықталған жағдайда, карантинді бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.