Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантин шараларын бұзғандар анықталды

Петропавлда полицейлер бір күннің ішінде карантиндік шаралардың 19 бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл полицейлері кәсіпкерлерді карантиндік шаралардың сақталуына қатысты тексереді. Рейдтер Петропавл қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарымен бірге жүргізіледі. Басты назарға жолаушылар көлігі, сауда орындары алынған. 27 мамыр күні 46 тексеріс жүргізіліп, жартысында түрлі бұзушылықтар анықталды. Ең жиі кездесетіні – бетперде тақпай жүру, мәселен, жеті автобус жүргізушісі бетперде тағу режимін бұзған. Тағы бір жүргізушіде жолаушылардан жол ақысын алған кезде аса қажет қолғап пен санитайзер болмай шықты.

Сондай-ақ, тексерушілер үй астындағы дүкендердің кіреберісінде зарарсыздандырылмай, құрғап жатқан кілемшелерді анықтады. Сатушылардың көп жағдайда бетпердені тиісті түрде тақпайтыны немесе бетпердесіз жүретіні белгілі болды. Дүкендердің бірінде кезек күтіп тұрған адамдар жиналып қалған, бұл ретте дүкеннің ішінде кемінде екі адам болуы тиіс, қалғандары әлеуметтік арақашықты сақтай отыра, сыртта тұруы керек.

– Төтенше жағдай режимі тоқтатылғанына қарамастан, облыста карантиндік шектеулер күшін жойған жоқ, – дейді СҚО ПД басшысы Марат Төлебаев. — Облыстың географиялық орналасуын ескере отырып, жұқтырудың жаңа ошақтары әлі де болуы мүмкін. Өңірдің қауіпсіздігі бірінші кезекте, тұрғындардың шектеулерге қаншалықты жауапкершілікпен қарауына байланысты. Бірлескен рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Оның мақсаты – карантин жағдайындағы жүріп-тұру мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Барлығы рейд барысында 19 бұзушылық анықталды. Тәртіп сақшылары жиналған материалдарды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабы (мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) бойынша хаттама толтыру үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру