Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғын ауылдасының ұялы телефонын ұрлап кетті

Түркістан облысының полицейлері ұялы телефоны мен ақша ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында өзінің
басқаруындағы автокөлігімен үйіне келе жатып, жол бойынша тоқтатқан ауылдасын мінгізіп алып, жеткізіп тастағанын айтады. Үйіне жеткен уақытта, көліктің ішінде тұрған “ОРРО А5” маркалы ұялы телефоны және ұялы телефон қаптағышында (чехолда) тұрған 20 мың теңгесінің жоқ екенін байқап, полицейлерге хабар берген.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен (ұрлық) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталған.

Аудандық полицейлер орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Жәбірленуші көрсеткен көршісінен жауап алынып, тиісті жұмыстар атқарылды. Тексеру нәтижесінде, ауылдасы сол сәтте ішімдік ішудің салдарынан ұрлық жасағанын мойындады. Оның үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдікті қолхатпен босатылды.

Қазіргі таңда орын алған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының полицейлері егер сіздің бағалы заттарыңыз жоғалып немесе ұрланса, тез арада полицияның “102” телефонына хабар беріңіздер деп ескертеді. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру