Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантинге байланысты үйлену тойын тоқтатқан полицей

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин үйлену тойын жасағалы отырған Түркістан ҚПБ ППР-ның қызмет аға инспекторы Нұрдәулет Қуанышұлының жоспарын бұзды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қиын да қауіпті салада қызмет атқаратын жас полицей өзінің «Мың аққудың ішінен таңдап алған» аруымен бас қосып, отбасы құрғанын туған-туыс, бауырлары, достары, әріптестері арасында атап өтіп, үлкен той жасағысы келеді-ақ. Дегенмен, еліміздегі коронавирус жағдайы бойынша ол үшін той емес, адамдардың амандығы маңызды болып тұр.

Шаңырақ көтеріп, отбасы атанған Нұрдәулет Қуанышұлы мен Қарлығаш Абдуғалиқызының таныстығы туралы, жас отағасы: – 2019 жыл еді. Таңертеңгісін Қазақстан ұлттық арнасындағы Таңшолпан бағдарламасын көріп отырғанмын. Қарасам бағдарламаға қонақ ретінде «Бұрымдылар» байқауының жеңімпаздары келді. Қара шашы иығына төгілген Қарлығашқа бірден көзім түсіп, ғашық болып қалдым. Менің жарым болатын қыз осы екенін сездім. Содан тез арада оның аты-жөнін «Instagram» желісіне салып іздеп, ақыры таптым. Іздегенім Кентаулық қыз болып шықты. Достастық. Сөйлестік. Кездестік. 1 жыл бойы араластық. Ара-қатынасымыз жақсы жағына өрбіген соң мен, 2020 жылдың қаңтар айында сүйгеніме сөз салдым. Ол келісті, тура бір айдан кейін ұзату тойы болды. Ал үлкен тойды 23 наурызға белгілегенбіз. Мейрамхана таңдап, қонақ шақырып қойғанбыз. Алайда карантинге байланысты тойымыз уақытша тоқтатылып тұр. Өмірімізде бір-ақ рет болатын кешке ерекше дайындалған едік, – деп, ағынан жарыла айтып өтті.

Жарының сөзін жалғаған Қарлығаш: «Нұрдәулет өте жауапкершілігі мол, кеңпейілді, мейірбан, жомарт жан. Сондықтан мен оған өмірімді болашағымды, жүрегімді қорықпастан сеніп тапсырдым. Тойдың болмауында тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы еліміз аман болсыншы. Отбасымызда махаббат пен сыйластық болса, одан артық ештеңе керек емес, – дейді жүректегі сөзін жеткізіп.

Алғаш теледидардан жүзін көріп, оның қолаң шашына ғашық болған Нұрдәулет Қуанышұлы Шымкент қаласында туылған. Әкесі-дәрігер, анасы-мұғалім. Үйінің үлкені, өзінен кейін екі інісі мен бір қарындасы бар. Бала кезден полицей болғысы келген ол, осы мақсатпен М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де «Заңгер» мамандығы бойынша білім алып шығады. Қазіргі таңда Түркістан ҚПБ ППР-ның қызмет аға инспекторы болып қызмет атқарады.

Ендеше, көрсең көзтоярлық жарасымды жұпқа алдағы өмірлеріңізде барлық арман-тілектеріңіз орындалып, тек бақытты болыңыздар деп тілейміз. Әрдайым жүздеріңізден нұр шашып, күндеріңіз қуанышқа толы болсын! Отбасыларыңызға дәулетті ғұмыр тілейміз.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру