Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кәсіпкерді 6 миллион теңгеге алдаған күдікті ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында алаяқ кәсіпкерді алты миллион теңгеге алдаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қараша айының соңында зығыр сатып алатыны жайлы хабарландыру берген Ақмола облысының кәсіпкері алаяқтың құрбанына айналды. Қылмыс жан-жақты жоспарланған. Аферист «тауардың» сапасына көзін жеткізу үшін, кәсіпкерге талдауға берген зығырдың үлгісін әзірлеп қойған, кейін «КамАЗ» автомашиналарын жалдап, Есіл ауданындағы ЖШС-дің біріне келісілген уақытта келулерін сұраған. Қаскөйдің шақыруы бойынша сол жерге сатып алушы да келген. Ауылшаруашылық құрылымының жанында зығыр тиеуге келген «КамАЗ» автомашиналарын көрген кәсіпкер, алаяқтың қолына алты миллион теңге ұстатқан. Шаруашылық басшысынан өнімді артуға келісімге кеттім деген әлгі алаяқ, қайтып оралмаған. Оқиға орын алған жердегі ЖШС-тің жұмысшылары алаяқты танымайтын болып шықты. Алданған кәсіпкер аудандық полиция бөліміне көмекке жүгінді.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлімі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары бір айға созылды.

– Күдікті, Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны былтырғы жылы ғана бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққан, ол ҚР Қылмыстық кодексінің дәл осы бабы бойынша істі болған, – деп нақтылады Есіл ауданының ПБ бастығы Ерлік Есләмбеков. – Алаяқтың тәртіп сақшыларына ұсталмай, біраз жүріп қалуына криминалдық тәжірибесі септігін тигізген. Дегенмен, қызметтік іссапар барысында есілдік жедел уәкілдер оның Нұр-Сұлтан қ. жүргенін анықтады.

Қолға түсіруге астаналық полицейлер көмектесті. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында. Оның облыс аумағындағы тағы екі алаяқтыққа қатыстылығы анықталды. Тергеу жүргізіліуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру