Кәсіпорыннан арнайы әзірленген темір тор ұрланды
Түркістан облысының полицейлері үш миллион теңгенің темір торын ұрлаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданып, Отырар ауданында орналасқан жеке балық асырау кәсіпорнынан арнайы әзірленген темір торының ұрланғанын айтып, арызданады. Жалпы шығын көлемі үш миллион теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері тез арада ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, тергеп-тексеру амалдарын жүргізеді. Тәжірибелі полицейлер тез арада жұмылдырылып, арнайы экипажбен қылмыс орын алған жерге жетеді. Ол жерден дәлелдемелер жинақталып, күдіктілердің ізіне түсуге қажетті шаралардың барлығы іске асырылады. Сонымен қатар ауданның аумағынан шығатын көліктерді тоқтатып, тексерулер жүргізіледі.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары темір бөлшектерді артып алған көлікті байқап, тез арада тоқтатады. Жүргізушімен әңгімелесу кезінде оның темірді ұрлап алғанын анықтайды. Білікті полицейлер толық мән-жайды анықтау үшін күдіктіні бірден бөлімге жеткізеді.
Анықталғандай Отырар ауданында орналасқан балық аулау кәсіпорнының күзет қызметкері түскі асқа шығып кеткен кезде, күдікті ешкімнің жоқтығын пайдаланып, арнайы орнатылған темір торды өзінің құралының көмегімен кесіп, бөлшектеп, көлігіне артып алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Бүгінде ұсталған ер азаматтан айғақты заттар алынды. Ол Отырар ауданының бұрын сотты болмаған жергілікті тұрғыны болып шықты.
Қазіргі уақытта бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Осылайша жедел әрекет етіп, бірден іздестіру жұмыстарына жұмылдырылған білікті полицейлер кезекті бір қылмыстың жолын кесті.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға қашанда өз мүліктеріне қырағылық танытып, қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді! Мүмкіндігінше жеке мүліктеріңізге мұқият болыңыздар!
Егер де сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.