Келестік полицейлер 70 жастағы ақсақалды тонаған күдіктіні ұстады
Келестік полицейлер 70 жастағы ақсақалды тонаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-не жергілікті тұрғын егде жастағы азамат арызданып келеді. Оның айтуынша, түнгі сағат 9 шамасында 45-50 жас шамасындағы белгісіз адам «Үдербай» атты дәмхананың алдында денсаулығына қауіпті емес күш қолданған. Содан қалтасындағы «Самсунг А50» ұялы телефоны мен 80 мың теңге ақшасын ашық түрде тартып алып, арызданушыға жалпы 200 мың теңге шығын келтірген.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Қылмысты ашу үшін полиция бөлімінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті. Полицейлер күдіктілерді ізін суытпай құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Куәгерлерден сұрастырып, оқиға болған жердің жан-жағын аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Полицейлердің жедел-іздестіру әрекетінің нәтижесінде, аз ғана уақыт ішінде күдікті азамат ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізлуде.
Тергеу барысында анықталғандай, 49 жастағы күдікті азамат Қазығұрт ауданының тұрғыны екендігі белгілі болды. Сондай ақ оның бұрын ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша және ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) мен сотты болғаны анықталды. Сонымен қатар қолды болған ұялы телефонды күдікті өз қажеттігі үшін базарлардың біріне 35 мың теңгеге сатып жіберген. Бүгінгі таңда ұялы телефон мен ақша жәбірленушіге қайтарылды. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатта.
Өз кезегінде жәбірленуші күдіктіні ұстаған полицейлерге алғысын білдірді:
– Мені ұрып-соғып, бағалы заттарымды тонап кеткен күдіктіні ұстаған полиция қызметкерлеріне үлкен алғысымды айтамын! Жұмыстарыңызға әрқашанда сәттілік тілеймін! Қызметтерің абыройменен аса берсін. Рахмет сіздерге!, – деген 70-тегі ақсақал сақшыларға ризашылығын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға сақтық танытып, мүліктеріңізді, бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Сізді тонап немесе алдап кетсе полицияның «102» нөміріне қоңырау соғыңыз. Сондай-ақ, міндетті түрде күдіктінің түрін жаттап, есте сақтап қалуға тырысыңыз, бұл өз уақытында қылмыскердің ізіне түсіп, қылмысты жедел түрде ашуға көмектеседі.