Кеңседен ноутбук ұрлаған ер адам ұсталды
Түркістан облысының полицейлері сотты болған ер адамның ноутбук ұрлағанын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай ауданының полицейлері жедел уәкілдердің көмегімен ұрлық жасап бірнеше рет сотты болған және қайтадан қылмыс жасаған күдіктіні құрықтады. Нақтырақ айтсақ, Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз адамның жекеменшік кеңсесінен ноутбугін жымқырып кеткенін жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша 120 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.
Жетісайлық сақшылар арызды СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігімен тіркейді де, күдіктіні ұстаудың шараларын іске асырады.
Біріншіден оқиға орын алған аймақ тыңғылықты тексерілсе, екіншіден бұрын соңды сотты болған қылмысқа қатысы болуы мүмкін азаматтар тексеріледі. Осылайша жедел түрде іске асырылған шаралардың нәтижесінде күдікті қолға түседі. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған азаматтың айтуымен ноутбукты сатып алған тұрғынның үйінен айғақты зат ретінде жәбірленушінің ноутбугі алынды. Күдікті кінәсін толық мойындады.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті адам түнгі сағат 2-лер шамасында кеңседе ешкімнің жоқтығын пайдаланып, өз арам ойын іске асырған. Содан соң ол жерден бой тасалап, жымқырған затын басқа бір адамға небары 20 мың теңгеге сатып жіберген.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Досжан Бексейітұлының айтуынша, күдікті бұрын ұрлық пен тонау баптары бойынша бірнеше рет жауапкершілікке тартылған. Оның бүгінгі таңда тағы да осындай бірқатар ұрлық жайттарына қатысы болуы мүмкін. Сондықтан ер адам қамауға алынып, тергеу амалдары өз деңгейінде жалғасуда.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кеңселер мен дүкендерге, сауда орындары мен жекеменшік иелігіндегі нысандарға сақтық үшін бейнекамера орнатып, темір торлармен жабдықтауға кеңес береді.