Кентау полицейлері өзгенің атынан онлайн несие алған әйелді құрықтады
Кентау полицейлері өзгенің атынан онлайн несие алған әйелді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу шағын несие беру ұйымы және банктердің бірінен онлайн несие алып, 800 мың теңгеден астам шығын келтірген. Бір айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Кентау ҚПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны Кентау қаласы көшелерінің бірінде жүрген жерінен ұстады. Алаяқтық жасаған әйел жергілікті тұрғын және жәбірленушінің сырттай танысы болып шықты.
Анықталғандай, күдікті келіншек жәбірленушіге «атыңыздан тауарлық несие шығарып бере аламын және оны зейнетақы қорындағы ақшаңызбен төленетін етіп жасаймын» деп сендірген. Өз кезегінде тұрғын алаяққа сенген. Осы бағытта алаяқ жәбірленушінің атынан банкке сұраныс жіберіп, мақұлдау алған. Содан «ұялы телефоныңызға құпия сан барады, соны айтсаңыз» деп алдап, шағымданушының есепшотына түскен ақшаны өзіне аударған. Қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жіберген.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.