Кентауда ер адам өз жұмыс орнына ұрлыққа түскен
Кентауда ер адам өз жұмыс орнына ұрлыққа түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz
Кентау қалалық полиция бөліміне мейрамхана иесі, жергілікті тұрғын арызданды. Кәсіпкердің айтуынша, оның мейрамханасына белгісіз біреу есігін бұзып, заңсыз кіріп, теледидар, дыбыс күшейткіш, колонка аппараттарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге бір миллионнан астам шығын келген.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Аталмыш ұрлық қылмысы бойынша кентаулық полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер барлық қажетті шараларды іске асырып, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын, сол мейрамхананың қызметкері болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам мейрамханада техникалық құралдарға жауапты адам болып жұмыс жасаған. Содан ақшадан қиналған қызметкер мейрамханада ешкімнің жоқтығын пайдаланып, өз арам ойын жүзеге асырған. Қолды қылған заттарды танысына сатып жіберген. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.