Кентауда өзгенің үйін өртеп, 10 млн теңге шығын келтірген күдікті ұсталды
Түркістан облысының полицейлері өзгенің үйін өртеп, 10 млн теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің малды ауылдағы бір бөлмелі үйін әлдекімнің қасақана өртегенін жеткізді. Үй ішінде тұрмыстық заттармен және күн көзінен қуат алатын қымбат құрылғы орнатылған. Оқиға салдарынан жәбірленуші 10 млн теңгеге шығынға батты.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 202-бабы 2-бөлімі (Қасақана өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Ақпарат алысымен кентаулық тәжірибелі полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Тез арада іске кірісіп, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде, бір сағат ішінде күдіктіні анықтап, оны көше бойынан ұстап, дереу ҚПБ-ға жеткізді. Ол бұрын сотты болған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікке ілінген ер адам жәбірленушінің малын бағатын бақташының танысы болып шықты. Яғни, бақташы мен оның арасында келіспеушілік туындаған. Содан түсінбеушіліктің арты дауға ұласып, ашуға бой алдырған күдікті үйге өрт қойған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.