Кентауда үйдің кезегін жылжытып беремін деп тұрғынды алдаған әйел анықталды
Кентауда үйдің кезегін жылжытып беремін деп тұрғынды алдаған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Кентау полициясына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде арызданды. Оған сырттай танысы мемлекет тарапынан берілетін үйдің кезегін жылжытып беретінін айтқан. Бұл қызметі үшін 450 мың теңге ақшасын алып, бір жылдан бері алдап келген.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Тәртіп сақшылары хабар түсісімен бірден іске кірісті. Күдікті әйелді табу үшін жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары атқарған жедел шаралардың нәтижесінде алаяқтық жайтына қатысы бар жұмыссыз жергілікті тұрғын әйелді анықтады.
Белгілі болғандай, күдікті әйел өз арам ойын іске асыру үшін танысына үйдің кезегін жылжытып беремін деген жалған уәдеге сендіріп, ақшасын алған. Осыдан соң уәде орындалмай, не ақша қайтарылмай бір жыл бойы жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған.
Күдікті әйел мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны алып бере алатынын айтып екі танысын қоса алдаған. Күдікті оларға мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алып беретінін айтып, әрқайсысынан 25 мың теңгеден ақша алған. Бүгінде күдікті әйелге қатысты тергеу жүргізілуде.