Кентауда ұрылар «Toyota Camry»-дің 3 есігін ұрлап кетті
Түркістан облысының полицейлері көлік есігіне қызыққан ұрыларды ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық Полиция басқармасының кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, белгісіз біреулердің «Toyota Camry» маркалы жеңіл көлігінің үш есігін жымқырып кеткендігін айтып, арызданады.
Аталған арыз бірден тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша іс қозғалды. Жәбірленуші көлік ұстасына келтірілген шығынның жалпы көлемі 100 мың теңгені құрайды. Аталмыш іске байланысты қалалық Полиция бөлімінің жедел уәкілдері кешенді іс-шараларын атқарады. Ұрлық орын алған аймақты жіті қарап, бейнекамераларды тексереді.
Осылайша бір ай ішінде полицейлер күдіктінің ізіне түседі. Нәтижесінде Кентау қаласының екі азаматы анықталып, тұрғылықты мекен-жайынан құрықталады.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ұрлыққа қатысы бар екі азаматтың бірі қылмысқа қатысы жоқ такси жүргізушісі болғаны анықталды. Такси жүргізушінің айтуынша күдікті азамат үш есікті өз есігім деп алдап, және оны белгіленген жерге жеткізуін өтінген. Бүгінгі таңда айғақты зат ретінде алынған есіктер заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы қамауда.
Сонымен қатар ұсталған азаматқа байланысты Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне үйді немесе көлікті қараусыз қалдырмауды, есігін ашық немесе көлік кілтін қалдырып кетпеуді ескертеді. Автокөліктің барлық есігін құлыптап, ішінде құжаттар мен бағалы заттарды тастап кетпеуге, сондай-ақ қарауылды автотұраққа қоюларына кеңес береді.
Егер де сіз, осындай жайттың жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз полицияның жедел желісі «102» нөміріне дереу хабар беріңіз.