Көкшетауда Өмірзақ Болсамбековтың қатысуымен "Жас сақшы" сыныптары үшін патриоттық сағат өтті
Көкшетауда Өмірзақ Болсамбековтың қатысуымен "Жас сақшы" сыныптары үшін патриоттық сағат өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола полицейлері "Жас сақшы" сыныптарының оқушыларына арнап есте қаларлық әрі тағылымы мол патриоттық сағат ұйымдастырды. Бұл іс-шараға Қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генералы Өмірзақ Болсамбеков, сондай-ақ Дубайда өткен UAE SWAT Challenge – 2025 әлемдік турнирінде Қазақстан құрама командасының құрамында өнер көрсеткен полиция департаментінің қызметкерлері Борис Грасько мен Анар Тукенова қатысты.
Патриоттық кездесудің алаңы ретінде Көкшетаудағы №11 мектеп таңдалды. Өткен жылдан бастап бұл білім ордасында құқық қорғау бағыты бойынша "Жас сақшы" сыныптары ашылған. Оқушылар жалпы пәндермен қатар әскери және атыс даярлығын меңгеріп, патриоттық сабақтарға қатысады.
Генерал Өмірзақ Болсамбеков Ақмола облысына сапары барысында арнайы мектепке барып, жас сақшылармен кездесті. Ардагер өзінің қызмет жолындағы естеліктерімен бөлісіп, құқық қорғау қызметкеріне тән қасиеттер жайында әңгімеледі. Ол балаларды сапалы білім алуға, өз елінің патриоты болуға және болашақта тәртіп сақшыларының қатарын толықтыруға шақырды.
Оқушылар үшін ерекше сый – UAE SWAT Challenge – 2025 халықаралық жарысынан жүлдемен оралған полицейлермен жүздесу болды. Полиция қызметкерлері Борис Грасько мен Анар Тукенова Қазақстанның атынан қатысқан арнайы жасақ құрамында өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғады. Ақмолалық полицейлер жоғары физикалық және атыс даярлығын, жеңіске деген жігері мен командалық рухын көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Анар Тукенова "Томирис" әйелдер командасының құрамында жеңіске жетуге зор үлес қосты. Нәтижесінде қазақстандық жауынгер қыздар бұл беделді жарыста алғаш рет күміс медаль жеңіп алды. Айта кетейік, турнирге әлемнің 47 елінен 100-ден астам команда қатысты.
Кездесу барысында жас сақшыларға жарыс кезінде түсірілген бейнероликтер көрсетіліп, турнир жүлдегерлерімен ашық сұхбат жүргізілді. Бұл жүздесу оқушылардың құқық қорғау органдарына деген қызығушылығын арттырып, олардың мамандық таңдаудағы сенімін нығайта түсті. Полицейлер болашақ тәртіп сақшысына қандай қасиеттер керек екенін айтып, жас ұрпақты тәртіпті, спортқа бейім, білімге құштар болуға және жақындарына қамқорлық танытуға шақырды.
Патриоттық сағат әсерлі нотада аяқталды: Ақмола облысы Полиция департаментінің вокалдық тобы мен "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары бірге "Жаңа Қазақстан" әнін орындап, естелік суретке түсті.
Сонымен қатар өңірге сапары барысында Қазақстандық ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө. Болсамбеков департаменттің аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамымен және ардагерлерімен кездесулер өткізді.
https://youtu.be/jMKDSoSazxg