Көкшетауда ұландықтар өртті ауыздықтады
Оқиға 10 қаңтар күні – ұландықтардың кәсіби мерекесінде кешкі сағат 19.20 минут шамасында орын алған, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінен жасақталған әскери жасақ қала ішінде қоғамдық тәртіпті қадағалау барысында Байтұрсынов көшесіндегі үйлердің бірінен өрт шыққанын байқап қалады.
Әскери жасақтар бойынша кезекші өрт жайлы дереу Жедел басқару орталығына баяндап, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметіне хабар береді.
Лейтенант Қуаныш Малғаждар басшылық еткен топ – ефрейтор Берік Құпайзов, қатардағы жауынгерлер Артем Абрамов пен Олег Зинченко өрт сөндірушілер келгенге дейін тілсіз жаудың бетін қайтарады. Сондай-ақ әскери жасақ қауіпті аймақты қоршауға алып, қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз етеді.
– Жер үйден шығып жатқан түтінді байқап, сарбаздарыммен оқиға орнына шұғыл жүгіріп жеткенде, бір үйдің толық өртке оранғанын көрдік. Оттың жалыны көрші үйге қарай көшіп жатыр екен. Жауынгерлер келгеннен өртті сөндіруге бірден кірісе жөнелді. Үйдің жарығы жанып тұрғандықтан, кісілер болса сыртқа алып шығайын деп ішке жүгіріп кірдім. Қуанышқа орай үй ішінде адам жоқ екен, – дейді лейтенант Қуаныш Малғаждар.