Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік басқару құқығынсыз рөлге отырғандар жауапқа тартылып жатыр

Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған 10-ға жуық жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-нің қызметкерлері ұдайы жол қауіпсіздік ережесінің сақталуын қатаң бақылауға алған. Қазіргі таңда күнделікті күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр. Басты мақсат түрлі жол-көлік апаттарын болдырмау, әрбір жолаушының үйіне аман-есен жетуі, сондай-ақ еліміздегі карантинге байланысты шектеулерге сай жұмыстар жасау.

Осындай кезекті жұмыс түнінің бірінде, сағат 23:31 шамасында патрульдік полиция тобының инспекторлары Темірлан-Бөржар тас жолы бойында жолдың шетіне шығып кетіп, аударылған көлікті анықтайды.​​​​​​​​ Тексеру барысында «Nissan Murano»  маркалы автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, жол-көлік оқиғасын жасаған.

Жүргізуші 2019 жылдың желтоқсан айында Ордабасы аудандық соттың шешімімен 3 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Одан бөлек, медициналық сараптамаға сәйкес, жүргізуші көлікті мас халде көлікбасқарғаны анықталды.​​​​​ Жүгенсіз жүргізуші Ордабасы АПБ-не жеткізілді. Міндеттемемен босатылды.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабымен  (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

​​​​​Сондай-ақ, аудандағы көшелердің бірінде жол ережесін бұзған тағы бір ауыр жүк көлігі анықталды. Тексеру барысында жүргізуші мас халде көлік басқарғаны айқындалды. Бұл дерекке байланысты   ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы (маневр қағидаларын бұзу), 608-бап (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) хаттамалар толтырылды.​​

Ордабасы АПБ-нің қызметкерлері карантин басталғалы бері жеті жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттама толтырылып, аталған жүргізушілер әкімшілік қамауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру