Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балық аулау ережелерін бұзған 140-тан астам дерек тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында балық аулау ережелерінің 140-тан астам бұзушылығы
анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО-да балық аулаушыға 55 мың теңгеге дейін айыппұл салынатын болды. Ол Есіл ауданы Үлкен Торангұл көлінің қасында ұсталды. Балықшыдан бірнеше килограмм шортан, мөңке балық және ау табылды. Ер адамда балық аулауға рұқсат беретін ешқандай құжаты болмағаны анықталды, бұдан бөлек қазір шортан уылдырық шашып жатыр.

“20 мамырға дейін Есіл өзені мен салаларында, Сергеев су қоймасында балық аулауға тыйым салынды. Бұл тыйым шортанның уылдырық шашуына байланысты орнатылды. Басқа өзен-көлдерде балық аулауды көлдің жалға алушыларынан рұқсат құжаттары болған жағдайда жүзеге асыруға болады”,- деді СҚО Полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.

Балық аулаған 26 жастағы ауыл тұрғыны да жауапқа тартылды. Ол түнде Шал ақын ауданындағы Кіші Торанғұл көліне барып, ауын босатып алған. Одан 40 килограмнан астам балық, ау, қайық пен басқа да балық аулайтын құрал-саймандар алынды. Балық аулау ережелерін бұзу фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері уылдырық шашу кезінде балық аулауға шығатын қаскөйлерге қатысты әкімшілік ықпал ету шараларының қолданылатынын атап өтті.

“Балық аулауға шыққан кезде адамдардың басым көпшілігі заңнаманың сақталуы жөнінде ойланбайды. Дей тұрғанымен, балықты және басқа су жануарларын аулау және балық қорын сақтау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделгенін білген жөн. Сондай-ақ, сот шешімімен балық аулауға пайдаланылатын заттар тәркіленуі мүмкін”, – деп атап өтті Асхат Қожабаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру