Көлік полицейлері 47 заңсыз такси жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты
Жыл басынан бері көлік полицейлері 47 заңсыз такси жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айының басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында, қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін 196 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 47 заңсыз такси жүргізушісі бар. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов айтты.
Оның айтуынша, рейд жүргізу барысында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Астана қаласы әуежайындағы қоғамдық орындарда тиісу фактісін анықтады.
– Көлік полицейлері тексеру кезінде әуежай терминалында жолаушылардың мазасын алып, жеке тасымалдау қызметін ұсынып жүрген 29 жастағы елорда тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам бірнеше рет ескертуді елемей, тіпті, полиция бөлмесіне жеткізу кезінде қашып, полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбаған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі және ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды және бағынбау бойынша материал сотқа жіберілді, – деді Д.Молдаханов.
Көлік полицейлері ескертеді: қоғамдық орындарда тиісу бойынша бірінші рет әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеке тұлғаларға ескерту жасауға не 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 тг) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 30 айлық есептiк көрсеткiш (103 500 тг) мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.