Көлік полицейлері- әлем чемпиондары мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің дене шынықтыру дайындығы – кәсіби даярлықтың маңызды және ажырамас бөлігі.
Қызметкерлерді күрестің жауынгерлік тәсілдеріне, атыс және дене шынықтыру дайындығы бойынша оқытуды департаменттің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы жүргізеді.
«Жаттығулар кезінде күнделікті қызметке қажетті, күрес пен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдану, экстремалды жағдайларда жеке қауіпсіздік дағдыларын, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттерді болдырмау мақсатында арнайы құралдар мен табельдік қаруды қолдану тәсілдері пысықталады», -дейді арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Талғат Қожабаев.
Көлік полицейлері халықаралық және республикалық деңгейде өтетін жарыстарға ұдайы қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінгі күні қызметкерлердің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, күш сынасудан әлем чемпиондары, «Қазақ күресі»,самбо және дзюдо спорт түрлері бойынша бірнеше дүркін чемпиондар қызмет етуде.
Мәселен, полиция подполковнигі Талғат Қожабаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, күш сынасудан үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресі, самбо және дзюдо спорт түрлерінен бірнеше дүркін әлем чемпионы. Ол АҚШ-та өткен әлемнің 67 елінің полиция қызметкерлері арасындағы Дүниежүзілік ойындарда ІІ-орынды иеленген. Полиция аға лейтенанты Жігер Сәкенұлы – самбодан үш дүркін әлем чемпионы, «қазақ күресі», дзюдо және самбодан спорт шебері.Ал полиция аға сержанты Айдос Абдолұлы – самбодан Еуразия чемпионы, Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері.
Қызметкерлердің спорттық шеберлік деңгейін арттыру, салауатты өмір салты мен спортты насихаттау мақсатында департаменттің жеке құрамы арасында спорттың бірнеше түрі («қазақ күресі», самбо, мини-футбол, волейбол және т.б.) бойынша спорттық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Жыл сайын ішкі істер органдары мен Нұр-Сұлтан гарнизоны Ұлттық Ұланның әскери қызметшілері арасында Департамент бастығының кубогына «қазақ күресі» бойынша жарыстар өткізіледі. Бұл додаларда да департаменттің құрама командасы үнемі жеңістің биік тұғырынан көрініп келеді.
«Спортшыларымыздың жетістіктері – қоғамдағы полиция қызметінің
абыройы мен беделін арттыруға қосқан сүбелі үлесі», – деп санаймыз дейді сақшылар.