Көлік полицейлері азаматтарды Заң мен тәртіпті сақтауға шақырады
Көліктегі полиция департаментінде құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі ПД бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғановтың айтуынша, осы жылдың басынан бері жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде барлығы 74028 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 7210, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін – 2102, белгіленбеген жерлерде сауда жасағаны үшін – 2216, алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін – 5859, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 612 тұлға және тағы басқа құқық бұзушылықтар жасаған азаматтар жауапқа тартылды.
Мәселен, Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынын ұстады. Ол ешбір құжатсыз және билетсіз ұшақ бортына өтпекші болған. Сонымен қатар тексеру барысында ер адамның балағат сөздер айтқаны және тексеру қызметінің жұмысшыларына бағынбағаны анықталды. Ұсталған азамат ӘҚБтК-нің үш бабы, яғни ұсақ бұзақылық, тексеру қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау, ұшу қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқық бұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Айтуғановтың мәліметіне сүйенсек, қабылдау-тарату орындарына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 404 адам орналастырылды. Медициналық айықтырғыштарға 1158 және арнайы қабылдағыштарға 257 адам жеткізілді. Сондай-ақ теміржол және әуе көлігі объектілерінен қаңғыбастық және қайыр сұрағаны үшін 2258 адам жеткізілді, оның ішінде 214 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды.
Көліктегі ПД бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов қоршаған ортаға құрметсіздік танытатын жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, қанғыбастық сынды фактілерді алдын алу мақсатында департаменттің желілік бөліністерімен еліміздің барлық әуежайы, жолаушылар пойыздары, вокзалдар мен перрондар тексерілетінін атап өтті.
– Өткен кезеңде көлік полицейлері 6986 іс-шара өткізді, оның ішінде 502 дөңгелек үстел, 2389 халықпен кездесу, білім беру ұйымдары мен кәсіпорындарда 4095 түсіндіру-құқықтық жұмыс жүргізілді, – деді ол.