Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері республикалық БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Көлік полицейлері республикалық БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ҚР ІІМ көліктегі полиция депаратаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев республикалық БАҚ өкілдерімен кездесті. Салтанатты іс-шараны ашқан Б.Малыбаев департаменттің жеке құрамы мен өз атынан барлық қатысушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Қазақстанның бүгінгідей демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып құрылуында БАҚ-тың үлесі орасан. Сіздер полицияның имиджін көтеріп, беделін арттыруға, сондай-ақ қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралардың сәтті жүзеге асуына белсенді атсалысып келесіздер, – деді Бақытжан Малыбаев.

Сондай-ақ еліміздің бас көлік полицейі журналистердің ішкі істер органдарымен өзара үйлесімді жұмыстары мен жоғары азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдірді. Бұдан соң ол ұшқыр қалам иелеріне мықты денсаулық, отбастарына амандық, тың идеялар мен шығармашылық табыстар тіледі. БАҚ өкілдері де департамент басшылығына өз ризашылықтарын білдірді.

Мерекелік шара барысында ведомства басшысы шақырылған журналистерді медальмен және алғыс хаттармен марапаттады. Кездесуге республикалық “Егемен Қазақстан”, “Айқын” және “Время” газеттерінің, “Tengrinews.kz” ақпараттық порталының сондай-ақ ҚР ІІМ медиа орталығының журналистері қатысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру