Көлік полицейлері терроризм актісі туралы көрінеу жалған 36 хабарлама тіркеді
Көлік полицейлері жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған 36 хабарлама тіркеді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Соңғы жылдары адамдар көп жиналатын орындарда, соның ішінде әуежайлар мен теміржол көлігі нысандарында жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы көрінеу жалған хабарлау сияқты қылмыстық көріністер орын алуда.
– Мәселен, осы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша 36 факті тіркелді. Тексеру барысында қылмыс жасағаны үшін 12 адам анықталып, ұсталды. Оның екеуі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды, – деді Көліктегі полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов.
Оның айтуынша, осы жылғы тамызда «Астана – Анталья» бағытындағы әуе рейсіне отырғызу кезінде елорданың 44 жастағы тұрғыны алкогольдік масаң күйінде ұшақтың бортында бомба бар деп бірнеше рет айқайлаған. Соның салдарынан рейстің ұшуы кешіктіріліп, жолаушылар эвакуацияланды. Жүргізілген іс-шаралар барысында жарылғыш зат табылған жоқ.
30 қазанда Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу тағайындалды.
– ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді. Бұған қоса, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді, – деді Е. Әлімов.