Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері 4 жасөспірімді арнайы оқу орындарына жіберді

Петропавл полицейлері 4 жасөспірімді арнайы оқу орындарына жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Петропавлда жыл басынан төрт жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымына жіберілді. Оған жүйелі түрде заң бұзушылық жасау негіз болды. Мәселен, Петропавл қаласының 15 жастағы тұрғыны ювеналдық полиция мен педагогтардың назарында біраз болған. Ол бірнеше рет үйінен кетіп қалған, сабаққа бармау, педагогтармен сөзге келу, ұрлық, дене жарақаттарын келтіру сияқты оғаш қылықтар жасаған.

Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, жасөспірімге қатысты заңмен қарастырылған барлық ықпал ету шаралары қолданылған.

– Алғашқы шаралар – профилактикалық әңгімелесулер, заң бұзушылық туралы қарастырылатын жауапкершілікке тарту, кәмелетке толмағандардың істері және оларды қорғау жөніндегі комиссияда қарау. Комиссия мінез-құлқын түзеу бойынша ұсынымдар береді. Аталған ұсынымдарды орындамаған жағдайда ғана арнайы білім ұйымына жіберу үшін жасөспірімді сипаттайтын материалдар жиналады. Ол жақтан келгеннен кейін де жасөспірімдер назардан тыс қалмайды. Комиссия одан әрі білім алуына ұсынымдар береді, кей жағдайда жұмысқа орналасу мәселесінің шешілуіне көмектеседі, – дейді ол.

Жасөспірімдердің қылмыс жасауына, теріс жолға түсуіне жол бермеу – ювеналдық полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі. 10 айда петропавлдық полицейлер 150-ге тарта рейдтік іс-шара өткізді. Оның нәтижесінде түнгі уақытта ересектерсіз қыдырудың 620 фактісі анықталды, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз кіргізгені үшін 16 көңіл көтеру орнының иесі жазаланды.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар оқу орындарында 589 кездесу, дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізді. Полицейлердің бастамасымен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия 18 материалды қарады.

– Еске сала кетейік, өз ювеналдық полиция инспекторымен учаскелік пункт арқылы немесе 8 (7152) 49-30-84 телефоны арқылы немесе «102» арнасы арқылы байланыса аласыздар, – деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру