Көлік полициясы мен ҚТЖ темір жолдағы құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуде
Көлік полициясы мен ҚТЖ темір жолдағы құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрінің 2025 жылды "Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде" деп жариялауына орай, көліктегі полиция департаменті мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ 2025–2027 жылдарға арналған темір жолдағы қауіпсіздік пен мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын іске асыру жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағыттағы іс-шараларды үйлестіру мақсатында тараптар қатысқан жұмыс кеңесі өтті. Жиынға көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов төрағалық етті.
Көліктегі ПД қызметкерлері жыл басынан бері қылмыстың алдын алу және темір жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында 23 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізді. Оның ішінде халықпен және темір жол қызметкерлерімен кездесулер, пойыздарда түсіндіру жұмыстары, рейдтік іс-шаралар мен білім беру ұйымдарында өткізілген дәрістер бар.

- Темір жолдағы қауіпсіздік – біздің ортақ міндетіміз. Жол картасы аясындағы шаралар халықтың қауіпсіздігін нығайтуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл жұмысты ҚТЖ-мен бірлесе әрі жүйелі түрде жалғастырамыз, –деді Қ.Мәжікенов.
Темір жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін ҚТЖ тарапынан ескерту белгілерін жаңарту, қауіпті аймақтарды қоршаулармен жабдықтау және дыбыстық сигнализация орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолаушылар вагондары мен локомотивтері сыртқы және ішкі бақылау бейнекамералармен жабдықталуда.
Бұл шаралар жолаушылар қауіпсіздігін күшейтіп, оқиғаларды жедел бақылауға және қажет болған жағдайда дәлелдемелерді объективті жинауға мүмкіндік береді. Кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ҚТЖ оқу орталығында көлік полициясының жас қызметкерлеріне арналған бірлескен оқу бағдарламалары іске қосылды.
Биыл оқу орталығының базасында екі семинар өтті. Жиын соңында тараптар Жол картасының орындалуын бағалап, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді айқындап, бірлескен жұмысты күшейтуге келісті.
