Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаментінде консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті

Көліктегі полиция департаментінде консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі ПД-да департамент бастығы Бақытжан Малыбаевтың төрағалығымен консультативтік-кеңесші органның кезектен тыс отырысы өтті. Оған аталған кеңестің мүшелері, ардагерлер кеңесінің өкілдері мен журналистер қатысты. Отырыста «2024-2028 жылдарға арналған қоғаммен байланыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы» талқыланды. Іс-шараны ашқан Бақытжан Малыбаев ККО мүшелеріне белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да қоғамдық құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыстардың жемісті болатынына сенім білдірді. Ол департамент жанындағы консультативтік-кеңесші органның ішкі істер органдары қызметкерлері мен сала қызметінің беделін нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Өздеріңізге мәлім, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында қазақстандық полиция бүгінгі күні клиентке бағдарланған модельге көшуде. Бұған азаматтық қоғам мен полиция арасында тұрақты өзара іс-қимыл жасай отырып қол жеткіземіз. Ал онсыз полиция жұмысы тиімді болмайды, – деді ведомство басшысы.

Бұдан соң ККО төрағасы Аққош Хамзин қатысушыларды жоғарыда аталған тұжырымдаманың негізгі ережелерімен таныстырды. Сондай-ақ ол құжатта Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарына жүктеген міндеттерін жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар көрініс тапқандығын айтты. Журналист Александр Тасболатовтың айтуынша, полиция қызметкерлері бойларына патриотизм мен адалдықты сіңірулері керек. Сонымен қатар, әрдайым азаматтарға көмек көрсетуге және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болулары шарт.

– Полиция қызметінің тиімділігі көбінесе ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсібилігі мен адами қасиеттеріне де байланысты, – деді ол.

Күн тәртібін талқылау барысында отырысқа қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын айтты. ККО мүшелері барлық мәселелер бойынша бірауыздан шешім қабылдады. Бұған қоса, кеңес мүшелері полиция жұмысын жақсарту, азаматтардың сенімін арттыру, халықты көлік полициясы қызметінің өзекті мәселелері туралы жан-жақты әрі сенімді ақпараттандыру жөнінде ұсыныстар енгізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру