Көлікті масаң күйде жүргізген екі петропавлдық 15 тәулікке қамауға алынды
11 қаңтардан бастап әкімшілік заңнамадағы өгерістер заңды күшіне енді, -депхабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Енді көлікті масаң күйде жүргізгені үшін жүргізушілер 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылады және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Бұрын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жүргізуші куәлігінен үш жылға айыру көзделген еді.
…Петропавл қаласының екі тұрғыны түнде ұсталды. Шетелдік маркалы көліктің жүргізушісі Абай көшесінде патрульдік полиция қызметкерлерінің назарына ілінді. Машинаның бір фарасы жұмыс істемей келе жатқандықтан, полицейлер жүргізушіге ақауды жою қажет екенін айту үшін көлікті тоқтатады. Белгілі болғандай, 32 жастағы қала тұрғыны көлікті масаң күйде жүргізіп келе жатқан болып шықты. Ал 1986 жылы туған басқа жүргізуші сол түні Интернациональная көшесімен алкогольді ішімдік ішіп алып жүйткіген. Екі көлік те айып тұрағына қойылды. Түнгі серуенге құмартқандар соттың шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 7 жылға көлік басқару құқықтарынан айырылды.
СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері хабарлағандай, әкімшілік жаза мерзімі аяқталған соң, бір жыл ішінде қайтадан масаң күйде көлік тізгініне отырған жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Жаза мерзімі аяқталмаған және көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші масаң күйде көлік тізгініне отырса, жаңа заңнама бойынша ол 50-ден 70 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 10-нан 15 тәулікке дейінгі мерзімде әкімшілік қамаққа алынады. Ал жол-көлік оқиғасына кінәлі мас жүргізушілер үшін бөлек жауапкершілік қарастырылған.
«Масаңдық деңгейін анықтау бойынша куәландырудан өту туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан жағдайда көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі 3 жылдан 8 жылға дейін көбейді, сондай-ақ 15 тәулікке қамаққа алу енгізілді», – деп түсіндірді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.