Компьютерлік клубқа келген геймерден Iphone 15 телефонын ұрлаған астаналық ұсталды
Елордада компьютерлік клубқа келген геймерден Iphone 15 Promax телефонын ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері компьютерлік клубтан телефон ұрлады деген күдікпен 23 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында анықталғандай, жігіт түнгі уақытта оң жақ жағалауда орналасқан компьютерлік клубқа уақыт өткізу үшін келген. Ойын залында болған кезде қасындағы компьютерде көршісінің ұйықтап отырғанын және ұялы телефоны үстелде қараусыз жатқанын байқаған. Әрекеттерін ешкім байқап тұрмағанына көз жеткізген соң қаскүнем Iphone 15 Promax телефонын алып, клубтан шығып, ізін суытқан. Келтірілген материалдық шығын 650 мың теңгені құраған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.