Конституция Күні қарсаңында Целиноград полиция бөлімінде фильмнің тұсаукесері өтті
Конституция Күні қарсаңында Целиноград полиция бөлімінде фильмнің тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 25 тамызында Қазақстан Республикасының Конституция күнін мерекелеу қарсаңында Целиноград ауданының полиция бөлімінде қаза тапқан қызметкер Жеңіс Куптенов туралы «Түнгі оқиға ізімен» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.
Полиция лейтенанты қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың тыныштығы пен конституциялық құқығын қамтамасыз ету жолында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты. 2007 жылы жеке автокөлігімен үйіне қайтып келе жатып, жедел уәкіл Ақмол ауылындағы аялдамада шулап, спирттік ішімдік ішкен бір топ жастарды байқады. Жеңіс Куптенов тоқтап, оларға ескерту жасайды. Алайда масаңсыған жастар тобының тарайын деген ойы да болған жоқ. Полиция лейтенанты көліктен шығып, қызған жігіттерді ақылға салуға тырысты. Бір сәтте тыныштықты бұзушылардың бірі артынан полиция қызметкеріне жақындап, бір ұрды. Оған достары қосылды. Полиция қызметкерін ұрып, жастар қашып кетті. Полицей ауруханаға жеткізілді. Алайда тәртіп сақшысының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Түнде болған оқиғадан бейхабар жүкті жұбайы мен кішкентай қызы үйде күтіп отырған болатын.
Фильм аудандық бөлімнің жеке құрамына көрсетілді. Басты рөлді Целиноград полиция бөлімінің қызметкері Аян Нұрманов сомдады. Іс-шараның қонақтары полицейдің туыстары мен жақындары болды.
Бұл оқиға көрермендерді бей-жай қалдырған жоқ. Лицензиялық-рұқсат беру қызметінің инспекторы болып қызмет еткен Ж. Куптенов жедел уәкіл болуды армандаған. Оның арманы орындалды. Алайда қалаған лауазымда полиция лейтенанты ретінде ұзақ жұмыс істемеді. Целиноград АПБ бастығы К.А. Битаков өз сөзінде «лейтенант Ж. Куптеновтің қызметі – ерліктің, ар-намыс пен ерліктің үлгісі» деп атап өтті.
– Жеңіс Жанғабылұлы өте жақсы адам, өз жұмысын жақсы көретін жауапты қызметкер болды. Оның криминалдық полиция бөлімшесінде жұмыс істеуді армандағаны есімде, – деп еске алады кадр саясаты тобының инспекторы Куржибаева Риза.
Қанат Ағзамұлы марқұмның анасына, жұбайы мен қызына гүл шоғын, ал ұлы Нұржеңіске картина сыйлады.
Өз кезегінде, марқұмның анасы Бағым мен жұбайы Нұргүл полицейлерге отбасына көрсеткен құрметі мен қамқорлығы үшін алғыс айтты.