Конституцияның 27 жылдығына орай 90-ға жуық көлік полицейі марапатталды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 30 тамыз – Конституция күніне арналған «Ұлы дала елінің Ата заңы» атты іс-шара өткізілді. Оған Көліктегі полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан департамент бастығы Оңал Бекеев ең алдымен ел Конституциясының маңыздылығына тоқталды.
– Еліміздің Ата Заңы – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Конституцияның нормалары мен қағидаларын бұлжытпай орындау – әр азаматтың қасиетті парызы. Әсіресе, бұл ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сапында жүрген полицейлер үшін бұлжымас қағида, – деді О. Бекеев.
Мерекелік басқосуға жиналғандар Ата Заңымыздың тарихынан сыр шертетін деректі фильмді тамашалады.
Бұдан соң Көліктегі ПД аппаратының бірқатар қызмет басшылары сөз сөйлеп, мемлекетіміздің басты құжаты саналатын Конституциясының тарихы мен бүгіні, яғни жалпыхалықтық референдум аясында оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы сүбелі ойларын ортаға салды.
Конституция мерекесіне орай өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін Ішкі істер министрінің және департамент бастығының бұйрықтарымен 88 көлік полицейі төсбелгілермен және грамоталармен марапатталды. Солардың ішінде Достық станциясындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары Сержан Садуовқа мерзімінен бұрын «полиция полковнигі» кезекті арнаулы атағы берілді.
Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Саян Омаров «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, мерекелік шарада ішкі істер органдарының ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.
О. Бекеев өз өмірлерін ішкі істер саласына арнап, зейнеткерлікке шықса да жас мамандарға қызметтің бай тәжірибесі мен үздік дәстүрлерін үйретуден жалықпай, тынымсыз еңбек етіп жүрген ардагерлерге зор алғысын білдірді.