«Контрафакт» ЖПІШ: Шығыс Қазақстанда 40-тан астам сайт бұғатталды
Шығыс Қазақстан облысында 40-тан астам сайт бұғатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының аумағында 25 сәуірі мен 27 сәуірі аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған құқық бұзушылыққа, оның ішінде интернет-алаяқтығына қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «Контрафакт» мемлекетаралық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
ЖПІШ аясында ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, интернет-алаяқтық және ұрлық фактілері бойынша тіркелген бұрын жасалған қылмыстық істерді ашу шаралары қабылданды.
«Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасының үш күндік жұмыс қорытындысы бойынша ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 14 қылмысты анықтап, тіркеді. Бұрын жасалған 25 интернет-алаяқтықты әшкереледі, заңсыз контенті бар 40 сайтты бұғаттады.
ЖПІШ барысында криминалдық полиция қызметкерлері Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы алаяқтықпен айналысқан 28 жастағы облыс тұрғынын ұстады. Ол мақсатты жарнаманы орнату бойынша қызмет көрсетуді сылтауратып, алаяқтық жолмен алдын ала төлем ретінде ақша алған, ақшаны жәбірленушілер оның банк картасына жіберген, қаражат карточкасына түскеннен кейін қаскүнем жәбірленушілермен байланысын тоқтатқан.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл азаматтың осыған ұқсас 30 қылмысқа қатыстылығы анықталып жатыр.