Көпбалалы отбасынан шыққан көпбалалы полицей
Еліміздің тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген жандардың қатарында нәзік жандылар да бар. Солардың бірі – Түркістан облысы полиция департаменті Ордабасы аудандық полиция бөлімі жедел криминалистика тобының аға криминалисі, полиция майоры Іңкәр Қошқарова. Polisia.kz сайты келе жатқан Халықаралық әйелдер күніне орай погон таққан қайсар жанның қызметі туралы баяндап бермек.
Іңкәр Рашидқызы 1990 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала күнінен полиция қызметкері болуды армандаған ол 2008 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түсіп, 2012 жылы оқу орнын тәмамдайды. Осылайша, Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімінде аға криминалист қызметін бастайды. Дәл осы жерде өмірлік серігін кездестіріп, қызмет пен отбасылық өмірін қатар алып жүруге бел буады.
Қиын да жауапты қызметте жүрген Іңкәр Қошқарова бір сәтке де отбасын естен шығарған емес. Бүгінде жолдасымен бірге жеті ұл-қызды тәрбиелеп, көпбалалы ана атанып отыр. Өзі де көпбалалы отбасында өскен Іңкәр бала тәрбиесінің жауапкершілігін терең түсінеді.
- Менің қызметімнің маңыздылығын ұққан жолдасыма ризамын. Мезгілсіз шақыртулар, ұзақ кезекшіліктер жиі болып тұрады. Мұндай сәттерде отбасылық қолдаудың орны бөлек. Ата-енеден бөлек тұрғандықтан, мен жұмыста болғанда балалар әкесінің қарауында болады. Бұл – мен үшін ең үлкен демеу, – дейді кейіпкеріміз.
Іңкәр Қошқарова бала кезінен осы мамандыққа қызығушылық танытқан.
- Арманыңа жету үшін алдыңа нақты мақсат қою керек. Мен бала күнімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Бүгінде сол арманым орындалып, ел тыныштығы үшін қызмет етіп келемін. Алдағы уақытта да абырой биігінен көрініп, елімізге адал еңбек етуге дайынмын, – дейді ол.
Қызметіне деген адалдығы мен еңбегінің арқасында Іңкәр Қошқарова көптеген марапатқа ие болған. Ал басты жетістігі – ұл-қыздарын елге қызмет ететін, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеу.