Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көші-қон қызметі полициясының бір күні

Жезқазған қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінде инспектор Қуандық Мәуленберген еңбек етеді. Оның күнделікті қызметі шетелдік азаматтардың ел аумағында болу ережелерін бақылаумен ғана шектелмейді. Ол сондай-ақ құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп, азаматтарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Тәртіп сақшысының қызметтегі бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Инспектордың жұмыс күні азаматтарды қабылдаудан басталады. Көші-қон мәселесіне қатысты түрлі сұрақтармен келетін адамдар көп. Біреуі уақытша тұруға рұқсат сұраса, енді бірі тұрақты тұру ықтиярхатын алғысы келеді, ал тағы бірі заңнама бойынша кеңес қажет етеді. Қуандық Мәуленберген әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, оларға қажетті көмек көрсетеді, заңды жолын түсіндіреді, құжат рәсімдеу тәртібін егжей-тегжейлі баяндайды.

Азаматтарды қабылдаумен қатар, инспектордың негізгі міндеттерінің бірі – көші-қон заңнамасының сақталуын қадағалау. Бұл мақсатта ол шетелдік азаматтардың тұрып жатқан орындарына рейдтер ұйымдастырып, мигранттардың еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілердің құжаттарын тексереді. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды жұмыс. Өйткені инспектордың әрбір шешімі тек қаладағы тәртіпке ғана емес, сонымен бірге адамдардың тағдырына да ықпал етеді.

Көші-қон полиция қызметкері – тек заң талаптарын орындаушы ғана емес, сонымен қатар адамдарға көмек көрсететін, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын тұлға. Қуандық Мәуленберген үшін бұл жай ғана жұмыс емес, қоғам алдындағы абыройлы міндет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру