Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Криминалист қыз

“Полиция қызметкері болуды мектепте оқып жүрген кезімнен армандадым” – дейді Polisia.kz сайтының бүгінгі кейіпкері – Атырау қаласы Полиция басқармасы жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисі Ұлжан Уразалиева.

– Әлі есімде жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде теледидардан погон таққан қыздар туралы хабарды көріп, қатты қызықтым. Ата-анам полицейлердің қызметі қыздарға қиын екенін айтып, басқа мамандық таңдауға үгіттеді. Бірақ, мен алған бетімнен қайтпай, 2012 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түстім. Оқуға түскенде криминалист мамандығын таңдадым. Өйткені, осы саланың өзгешелігі, ғылымның әр түрлі салаларын зерттеп, ұдайы ізденіспен шұғылданатыны қызықтырды – дейді Ұлжан.

Қылмысты ашуда криминалист маңызды рөл атқарады. Қылмыс орнына барған криминалист қылмыскер туралы мәліметтер жинау үшін бірнеше сағат уақыт жұмсап, оқиға орнында қалып қойған іздердің бәрін жинақтайды. 

– Еңбек жолымды Мақат ауданының полиция бөлімінде криминалист болып бастадым. Алғаш осы қызметтің қыр-сырын үйреткен тәлімгерім Жасқайрат Қалдыбаев болды. Ұстазыма алғысым шексіз. 2017 жылы ауданда пәтер ұрлығы болды. Жедел-тергеу тобының құрамында оқиға орнына бардық. Оқиға орнын қарау  кезінде бірнеше саусақ, аяқ іздері алынды. Дактилоскопиялық сараптама қорытындысы бойынша алынған іздер ІІО есепте тұратын азаматқа сәйкес келді. Тергеу барысында оның осы қылмысқа қатыстылығы дәлелденіп, іс сотқа жіберілді. Осылайша, қылмыстың ізі суымай ашылуына криминалист-маман ретінде өз үлесімді қосқаныма қуандым. Басшылық та риза болды. Тағы бірде дүкен ұрлығы болды. Көптеген іздер ішінен күдік тудырғаны әйелдердің киім-кешектері мен опа-далабы сатылатын бөлімнен алынған іздер болды. Ұзамай қылмыс жасаған азаматша ұсталып, тергеу кезінде қылмысын мойындады. Күнделікті қызмет барысында криминалистерге қылмысты ашуға көмектесетін “қиын жұмбақтарды” шешуге де тура келеді. Сондықтан криминалистерге соңғы ғылыми жаңалықтарға ден қойып, білімін тұрақты түрде жетілдіріп отыру керек деп санаймын, – деп атап өтті ол.

Ұлжан ішкі істер органдарында қызмет атқарып, криминалист мамандығын таңдағанына қуанады. Оның айтуынша, криминалист – күрделі, әрі ерекше мамандық.

Ұлжан облыстық Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары Николай Михайловский секілді жан-жақты, саланы мықты меңгерген іскер маман болу – басты мақсатым, – дейді.

Табанды, төзімді Ұлжан ата-анасының ғана емес, ұжымның да мақтанышы. Ол қызметтен қолы босағанда спортпен айналысып, кітап оқығанды ұнатады. Ал демалысында ата-анасына көмектесіп, үйге қонақ шақырып, дастархан мәзірін дайындағанды жақсы көреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру