Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазалыда пробация есебіндегі азамат жарты миллион теңгелік грант ұтып алды

Қызылорда облысының Қазалы ауданында пробация есебіндегі сотталған азамат жарты миллион теңгелік грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД Қазалы аудандық пробация бөлімінің есебінде тұрған азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін “Кәсіпкерлік негіздері” курсын  тәмамдап, бизнес жоспар құрып, нәтижесінде наурыз айында 583 400 теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді.

– Ақпан айында аталған жоба бойынша бір ай оқып, қолыма сертификатымды алдым. Білікті мамандардан тәлім алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алдыма қойған арманым, жоспарым бар. Енді, міне, мемлекеттен берілген көмектің арқасында құс шаруашылығын ашып, кәсібімді дөңгелетсем деген ойдамын, – деді есептегі азамат.

Өткен жылы аудандық пробация бөлімінің есебіндегі бес азаматқа мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант берілген. Оның бірі – шағын ағаш өңдеу цехын ашса, екіншісі – құрылыс саласында сметалық жоба әзірлеу, тағы бірі – шаштараз сынды жеке кәсіптерін ашып, ел игілігіне жұмыс жасауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру