Криминалистің біліктілігі – қылмысты ашуда маңызды
Жамбыл облысында криминалист- маманның кәсіби біліктілігінің және сауатты іс-әрекеттерінің нәтижесінде ауыр қылмыс «ізі суымай» ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмысқа қатысты дәлелдер мен айғақтарды мұқият жинайтын криминалист қызметкерлердің тиянақты жұмысының нақты нәтижесінің бірі ретінде 2020 жылдың наурыз айында Таразда орын алған кісі өлімі оқиғасының ашылуын айтуға болады.
Сол кездері полицияның «102» тетігіне Асқаров көшесі бойында орналасқан қала кәсіпорындарының бірінің кірер жолында көмек сұрап айқайлаған дауыстың естілгені туралы хабарлама келіп түсті.
Аталған мекенжайға құрамында Тараз қ.ПБ 1-ПБ криминалдық полицияның жедел қызметкері және криминалист-маман, тергеуші бар жедел-тергеу тобы шықты.
Қылмыс болған жерге келгеннен кейін жедел-тергеу тобының мүшелері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің күзет бөлмесінен зорлық белгілері бар 34 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, өлім дерегі ашық бас сүйек-ми жарақаты салдарынан орын алған.
Көп жағдайда, қылмыскерді әшкерелеу үшін криминалист көптеген заттар мен айғақтарды тексеріп, қылмыскер әрекетінің алгоритімін, қылмыс жасау кезінде қандай әрекеттер жасағанын талдауы қажет.
Оқиға болған жерді тексеру кезінде криминалист бөлмеде қылмыстың ізі жасырылған заттай дәлелдемелерді тапты.
Криминалистің келесі қадамы-қылмыскердің осы ауыр қылмысты жасаған кезде қалдырған айғақтары мен дәлелдерін жоғалтпау. Сондай-ақ, ол арнайы физикалық, химиялық әдістер мен кәсіби білігінің көмегімен жасырын ақпаратты анықтап, тергеуді қылмыстың ашылуына бағыттауы қажет.
Криминалист осы қылмысқа қатысты алынған айғақ заттарды ұнтақпен өңдегеннен кейін саусақ іздерін тапты. Табылған іздерді мәйіттің саусақтарының папиллярлық үлгілерінің суреттерімен салыстыра отырып, сот сарапшысы бұл іздерді үшінші адам, яғни болжалды өлтірушінің қалдыруы мүмкін екенін анықтады.
Алынған іздерді «Папилон» АДАЖ жүйесіне енгізгеннен кейін олар базадағы дактилокарта деректерімен автоматты режимде сәйкестендіріледі. Дактилоскопиялық сәйкестендіру процесінде Тараздың 52 жастағы тұрғынының қолының саусақ іздерімен сәйкестігі анықталды. Арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті азамат ұсталып, кінәсін мойындады.
Осылайша, криминалист- маманның кәсіби біліктілігінің және сауатты іс-әрекеттерінің нәтижесінде оқиға болған жерді жедел тексеру кезінде жасалған ауыр қылмыс ізін суытпай ашылды, ал қылмыскер лайықты жазаға тартылды.