Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Латвияға жұмысқа жіберемін»: шымкенттік полицейлер қала тұрғынын алдап, ақшасын иемденген күдіктіні ұстады

Шымкенттік полицейлер Латвияға жұмысқа жіберемін деп қала тұрғынын алдап, ақшасын иемденіп алған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

7 ақпанда Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда танысы өткен жылдың жазында үш ай көлемінде Латвия мемлекетіне жұмысқа жіберемін деп әбден сеніміне кіргенін көрсеткен. Сондай-ақ, шетелге шығуға арналған құжаттарды әзірлеу мақсатында 460 мың теңгесін алдын ала иемденіп алғанын айтқан. Алайда күні бүгінге дейін әлгі танысы не уәде етілген жұмысты, не ақшасын қайтармай жүргенін жазып көрсеткен.

Әл-Фараби АПБ-ның тәжірбиелі полицейлерінен құрылған жедел-тергеу тобы тұрғынды алдап, ақшасын иемденіп кеткен азаматшаны қолға түсіру мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Мұқият тексеру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер азаматшаның тұрғылықты мекенжайын анықтап, басқармаға жеткізді. Ол 45 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азаматша арызданушыдан алған қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жаратып жіберген.

Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сондай-ақ, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар жоғы тексерілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру