Мал ұрлаған күдіктілер ұсталды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мал ұрлаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 шілде Жамбыл ауданында мал өсірумен айналысатын жеке кәсіпкер қоршау ішінде тұрған екі бұзауын ұрлап кеткенін айтып, полиция бөліміне жүгінді. Келтірілген шығын сомасы 120 мың теңгені құрады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлау» бойынша Тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі күдікті анықталды. Олар 1992 және 1995 жылдары туған Шал ақын ауданының тұрғындары болып шықты. Ересегінің соттылығы бар. 11 шілдеге қараған түні екеуі де өз автокөліктерінде масаң күйлерінде тоқтатылды. Қазіргі уақытта олар Жамбыл аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында әкімшілік қамауда отыр. Олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Бүгінгі күні Шал ақын ауданының ПБ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жұмыстар барысында олардың жуырда Бірлік ауылы тұрғынының қорасынан жоғалған бұзау ұрлығына қатыстылығы анықталды. Екі жағдайда да ұрланған жануарлар сатылған. Малдың қайдан келгенін сұрамай сатып алған тұрғындар олжасымен қош айтысуларына тура келді. Екі ұрланған бұзау алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Бірлік ауылының тұрғыны тәртіп сақшыларының жедел жұмысына риза болып, алғыс білдіру мақсатында полицияға қоңырау шалды.
– Бұл жыл басынан Жамбыл ауданында орын алған мал ұрлаудың жалғыз фактісі, – деп атап өтті аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамов. Мал ұрлығының саны әлдеқайда азайды. Көрсеткіштің төмендеуі малды ұйымдасқан түрде бағудан және шаруашылықтардың техникалық нығайтылуынан мүмкін болды. Аудандағы ірі ауылшаруашылық құрылымдарының басым бөлігі аумақтарын бейнебақылау камераларымен жабдықтаған, шаруа мен фермер қожалықтары да шаралар қабылдауда. Айта кеткен жөн, зардап шеккен шаруа қожалығының иесі, өзінің мүлкін ұрлықтан сақтау үшін, қазіргі уақытта бейнекамералар орнатып жатыр.
Жыл басынан СҚО-да мал ұрлаудың 14 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 65,9 %-ға төмен. Бүгінде 6 факті ашылды. Бірқатар іс қаралуда. Заңды иелеріне 10 бас мал қайтарылды. Келтірілген шығынның қалған бөлігі жәбірленіушілерге кейін тергеу барысында қайтарылады.