Мал ұрлаған ұрыларды түркістандық полицейлер анықтады
Түркістан облысының полицейлері «Мал ұрысы» іс-шарасы барысында бұрын тіркелген 15 мал ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында «Мал ұрысы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын адамдарды анықтау болып табылады. Сондай-ақ шараға полиция департаментінің барлық қызмет салалары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылды. Ветеринария саласымен бірлесіп, құжатсыз төрттүлікті тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау үшін рейдтік іс-шаралар жүргізілді.
Атап өтсек, іс-шараның үш тәулігінде облыс көлемінде екі мал ұрлығы тіркеліп ашылды. Мәселен, жәбірленушінің бірі мал қорасынан бір бас сиырын жымқырғанын жеткізген. Полицейлердің жедел әрекеті нәтижесінде, аталмыш қылмыс ізін суытпай ашылған. Ал екінші жағдайда, Жетісай ауданының тұрғыны өзінің бір бас жылқысын белгісіз адам егістікте арқандаулы тұрған жерінен қолды еткенін хабарлаған. Полицейлердің дер кезінде әрекет етуінің арқасында ұры ұсталған.
Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендеу қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша 123 дерек, 406-бабымен (ҚР-ның ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) 44 құқық бұзушылық анықталған.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында криминалдық полицияның жедел қызметкерлері ет өнімдерін сататын және сатып алумен айналысатын орындарға тексеріс жүргізді, автокөліктерді тексерді. Бұрын жасалған мал ұрлығы фактілерін ашу да назардан тыс қалған жоқ. Екі күндік іс-шараның нәтижесінде бұрын жасалған 15 қылмыс ашылды. Мал шаруашылығымен айналысатын 413 қора-жайлар қаралды. Мал, ет өнімдерін тасымалдаған 175 автокөлік тексерілген. Оған қоса, ет өнімдері мен мал сататын 226 орын тексеріліп, бақыланды. Жыл басынан бері «мал ұрысы» санатымен 34 тұлға есепке қойылған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы салдарынан болатынын айтады. Жайылымға малдарын қараусыз жіберудің соңы мал ұрлығымен аяқталып жатады. Сондықтан полицейлер ауыл адамдарына үш жақты шарт жасау арқылы, малды бірлесе бағуды ұйымдастыруға болатынын түсіндіріп, қауіпсіздік шараларын жасаңыздар деп ескертеді.