Мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс сотқа жіберілді
Түркістан облысының полицейлері Кентау және Түркістан қалаларында мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл мамыр айында Түркістан облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері 70 миллионнан астам теңге тұратын тұрғындардың 150-ден астам жылқы мен сиырларын ұрлаған қылмыстық топты ұстаған болатын. Аталмыш қылмыстық топтың заңға қайшы әрекеттерінің дәлелденуін, бөтеннің мүлкін жымқырғандар бойынша полицейлердің атқарған жұмыстарын Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов атап өтті.
– Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында біз, үш жыл бойы мал ұрлаумен айналысқан алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтадық. Тергеу қылмыстық топтың 19 мал ұрлығына қатыстылығын толық дәлелдеді. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілерден 19 жылқы мен тоғыз сиыр тәркіленіп алынды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 70 миллионнан астам теңгені құрады. Төрт күдікті қамауда болса, қалған екеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Тергеушілер бұл қылмыстық топтың ұйымдасқан екенін дәлелдеді. Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысы өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Кейбіреуі мал жайылымнан мал ұрлап алып шықса, басқалары оларды қора-жайларға жайғастырып отырған, ал үшіншілері ұрланған малдарды сатқан немесе сойып етін өткізіп жүрген. Аталған жайттар СДТТБТ-ға 188-1 бап (Мал ұрлығы) 4-бөлігі бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларын жүргізді. Іс сотта қаралуда. Одан бөлек, жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Түркістан облысында мал ұрлығының жалпы саны 30,1% (365-тен 255-ке дейін) төмендеген. Мал ұрлығының ауыр түрлерінің ашылуы 71,7% -дан 78,6% -ға дейін жақсарды, ал орташа ауырлықтағы мал ұрлығын тіркеу 48,8%-ға төмендеді (297-ден 152-ге дейін). Осы аралықта полицейлері 77 мал ұрлығына қатысы бар 35 адамнан құрылған 13 қылмыстық топты ұстады, – деді Құрманбек Сахов.