Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Мал ұрысы»: Түркістан облысында іздеуде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі қолға түсті

Түркістан облысының полицейлері «Мал ұрысы» іс-шарасы аясында 1,5 жыл бойы іздеуде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерімен 15-24 қараша күндері аралығында республикалық «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы негізгі мақсат – мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын адамдарды анықтау.

Іс-шараның екі тәулігінде облыс көлемінде екі қылмыстық топ ұсталды. Оған қоса, бұрын жасалған мал ұрлығы жайттарын ашу да назардан тыс қалған жоқ, өйткені ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) және ҚР ҚК-нің 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) баптары бойынша 1,5 жыл іздеуде жүрген жігіт ұсталды. Ол ұрланған малдарды өз пайдасы үшін сатып отырған.

Нақтырақ айтсақ, аталған күдікті 2019 жылы Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлығымен айналысып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған. Бұл қылмыстық топ, 70 миллионнан астам теңге тұратын 150-ден астам жылқы мен сиырларды жымқырып, сатып отырған. Яғни мал ұрлығының 19 жайтына қатысы болған. Осыған дейін аталған топтың бес мүшесі ұсталған. Ал аталған топтың алтыншы күдіктісі, яғни малдарды сатумен айналысқан сезікті ер адамға қатысты іздеу жарияланған.

Осы аралықта жедел-іздестіру жұмыстарын тоқтатпаған жедел уәкілдер, арадан 1,5 жылға жуық уақыт өткенде іздеудегі күдіктінің жүрген жерін анықтады. Ақпарат көздері арқылы оны Қызылорда облысының Байқоңыр қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жүрген жерінен тауып, Кентау ҚПБ-ға жеткізді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Жедел-профилактикалық іс-шара аясында криминалдық полицияның жедел қызметкерлері ет өнімдерін сататын және сатып алумен айналысатын орындарға тексеріс жүргізді, автокөліктерді тексерді.Жалпы жыл басынан бері Түркістан облысында 214 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, қылмыстың тіркелімі өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға төмендеп отыр. Ашылған қылмыс саны – 117. Сонымен қатар 2021 жылдың 10 айында 19 мал ұрлығы қылмыстарын жасаған топ құрықталып, олардың 70 жайтқа қатыстылығы дәлелденіп, қылмыстық іс сотқа жолданған.
Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы салдарынан болатынын жеткізеді. Яғни жайылымға малдарын қараусыз жіберудің соңы мал ұрлығының орын алуымен аяқталып жатады. Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарына үш жақты келісім жасау арқылы, малды бірлесе бағуды ұйымдастыруға болатынын түсіндіріп, қауіпсіздік шараларын жасаңыздар деп ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру