Малшы жайылымдағы малдарды иемденді
Алматы облысында малшы жайылымда жүрген 11 сиырды қолды қылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған дерек биыл 16 наурыз күні Ақсу ауданының полициясында тіркелді. Полицияның кезекші бөліміне Жаңалық ауылының тұрғыны 11 бас ірі қарасының қолды болғанын хабарлаған.
«Жедел-іздестіру шаралары қабылданып, нәтижесінде Сарқан ауданының 49 жастағы тұрғыны аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Тергеу барысында ол қылмысын мойындап, шаруа қожалықта малшы болып қызмет еткенін жеткізді. Күдікті өзінің және сеніп тапсырылған малды жайып жүргенде қараусыз жүрген сиырлардың алғашқы күні бес, келесі күні алты басын қолды қылған. Жымысқы жоспарын толығымен жүзеге асыру мақсатында ұрланған 11 сиырды Сарқан қаласына айдап барып, қарыз алған екі адамға берген. Сөйтіп өзінің қарыздарын қайтарған»,- деді Ақсу ауданы Полиция бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сыдықов.
Тәртіп сақшылары іздестіру барысында тек үш сиырды тауып, заңды иелеріне қайтарды.
Барымташы өз сиыры ретінде бергеніне сенген қарыз берушілер сегіз сиырды сойып, олардың етін сатып жібергені анықталды. Ең қызығы, өзгенің малын ұрлап жүрген барымташының өз иелігінде 20 сиыры бар екені белгілі болды.
«Бұл қылмыстың екінші жағы бар. Мал иелері өздерінің жиған-тергенін біреуге тапсырып, бақылаусыз қалдырады. Осыған орай, барлық тұрғындарды өз малдарына мұқият қарауға және мал ұрлығының алдын алу шараларын қабылдауға шақырамыз»,- деп толықтырды Алмас Сыдықов.
Аталған қылмыс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.