Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысы ПД бастығы ІІО ардагерлерімен кездесу өткізді

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы ІІО ардагерлерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы СағындықтАяғанов ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу өткізді. Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен сала ардагерлері қатысты.

Кездесу барысында ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың кәсіби тәжірибесі мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегінің маңыздылығы атап өтілді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы полиция департаменті жүйесінде 2 мыңнан астам ардагер есепте тұр.

Жиын кезінде ардагерлер ұйымдарының төрағалары сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Атап айтқанда, үздік ардагерлер ұйымы ретінде Мұнайлы ауданының ардагерлер кеңесінің жұмысы ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Садақбаев баяндама жасап, ардагерлердің қоғамдық тәртіпті сақтауға, жас қызметкерлерге тәлім-тәрбие беруге және патриоттық бағыттағы іс-шараларға белсене қатысып отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде полиция департаментінің бастығы ардагерлерге алғысын білдіріп, ведомствоның алдағы даму бағыттары мен жоспарлары туралы баяндады. Ол құқық қорғау саласында кәсіби, адал және жауапкершілігі жоғары мамандарды тәрбиелеуде ардагерлер институтының рөлі айрықша екенін атап өтті.

– Ардагерлер – біздің тірегіміз, олардың өмірлік тәжірибесі мен қызмет жолы жас мамандар үшін үлкен үлгі. Алдағы уақытта да бірлесіп, елге адал қызмет ететін білікті кадрлар мен саналы азаматтарды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз, – деді департамент басшысы.

Кездесу соңында тараптар ардагерлер мен полиция қызметкерлері арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайту, жас мамандарға тәлімгерлік көрсету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру