Павлодарда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылуда
Павлодарда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жылдамдық режимін сақтау — бұл жай ғана ұсыныс емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды талабы.
— Барлық ескертулер мен тиісті шараларға қарамастан, кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды жалғастыруда. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар қаласында "Оракул", "Кибер-Шериф", "ZEREK-2", "Мерген" автоматтандырылған бағдарламалық кешендері жұмыс істейді. Жылдың осы кезеңінде ғана жылдамдық режимін бұзудың 10 383 фактісі тіркеліп, жолы кесілді — деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.
Көрнекі мысалдардың бірі облыс орталығында орын алды. Полиция қызметкерлері Toyota Aristo автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің 21 төленбеген айыппұлы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта жүргізуші барлық айыппұлды толық көлемде төлеп шықты.
Полиция жүргізушілерді белгіленген жылдамдық шектеулерін қатаң сақтауға, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінен, қоғамдық көлік аялдамаларынан өту кезінде, сондай-ақ тұрғын аймақтарда қозғалыс барысында қауіпсіз жылдамдықты таңдауға және айыппұлдарды уақтылы төлеуге шақырады. Бұл мәжбүрлі шаралардың алдын алуға мүмкіндік береді.
