Маңғыстау облысында көлік тізгіндеген жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Маңғыстау облысында көлік тізгіндеген жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында 22-24 қыркүйек күндері аралығында “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысты болдырмау.
Іс-шара аясында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары және учаскелік полиция инспекторлары күшейтілген режимде қызмет атқарды. Түнгі 23:00 кейін тұрғынжайдан тыс жерде жүрген 279 жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Құқық бұзушылардың заңды өкілдері ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес жауапқа тартылды.
Бала тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісті деңгейде атқармаған жеті ата-ана есепке қойылды. Тәртіп сақшылары 341 отбасыны тексерді.
Жеткіншектердің заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК-тің 127-бабы бойынша 22 әкімшілік хаттама толтырылды.
Патрульдік полицейлермен көлік құралын басқарған кәмелет жасына толмаған бір тұлға ұсталып, нәтижесінде ата-анасына ӘҚБтК-нің 612-бабы негізінде әкімшілік шара қолданылды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Одан бөлек, ӘҚБтК-нің 132, 434, 437, 615-баптары бойынша да бірқатар құқық бұзушылықтар тіркелді.