Павлодар облысының полицейлері 1700-ге жуық қылмыстың бетін ашты
Павлодар облысының полицейлері жыл басынан 1700-ге жуық қылмыстың бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыс деңгейі 67 пайызды құрады және республика бойынша төмен көрсеткіштердің бірі. Бұл туралы облыстық полиция ведомствосы бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров Павлодар облысы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
– Жыл басынан бері полицейлер 1639 қылмысты, сондай-ақ өткен жылдардағы 121 қылмысты ашты. Ұрлық жасаған 51 топ ұсталды, оның 8-і пәтер ұрлығын жасаған. Мал ұрлығы үшін 3 қылмыстық топ ұсталды. Тергеу бөлімшелерінің іс жүргізуінде 8673 қылмыстық іс бар, оның ішінде 4425 іс аяқталды, – дейді Жасқайрат Қайыров.
Сондай-ақ түрлі қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген 89 қылмыскердің орналасқан жері анықталып, ұсталған. Олардың 5-і елден тыс жерде болған.
Есірткі құқық бұзушылықтың 136 фактісі анықталды, заңсыз айналымнан 123,7 келі түрлі есірткі заты алынды.