Павлодар облысында оқушыларға ашық сабақ өткізілді
Ақсу қаласындағы Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінде "Адалдық — адамгершілік белгісі" тақырыбында ашық сабақ өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара оқушылардың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, адалдық пен әділдікті дәріптеуге және өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталды.
Ашық сабақ барысында қатысушылар өз ұстанымдарына адал болудың, айналасындағыларды құрметтеудің және жалпыға ортақ моральдық нормаларды сақтаудың маңызын талқылады. Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ заңға құрметпен қарауға, құқықтық нормаларды сақтауға және әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне негізделген “Заң мен тәртіп" идеологиясын насихаттауға ерекше назар аударылды.
Іс-шараға оқушылар белсенді қатысты. Олар адалдық, әділдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыптарында плакаттар дайындап, ашық сабақ барысында өз ойларын ортаға салды. Оқушылар адалдық пен заңдылық басты құндылық болып саналатын қоғамның қандай болуы керектігі жөніндегі көзқарастарымен бөлісті.
Іс-шараға мектеп директоры, директордың орынбасары, сынып жетекшісі, сондай-ақ ювеналдық полиция тобының инспекторы қатысты. Полиция өкілінің қатысуы тәрбие жұмысының құқықтық бағытын толықтырып, оқушылардың назарын заң талаптарын ерте жастан сақтаудың маңыздылығына аударды.
— Адалдық, әділдік және заңға құрмет бала кезден қалыптасуы тиіс. Әрбір бала өз іс-әрекетінің салдары болатынын, заңды сақтау және өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу қауіпсіз қоғамның негізі екенін түсінуі маңызды. Біз оқушыларды әділетсіздікке бейжай қарамауға, күмәнді ұсыныстарға ермеуге және әрдайым адалдық пен заңдылықты таңдауға шақырамыз, — деп атап өтті ювеналдық полиция тобының инспекторы Қуан Рауангүл.
Мұндай іс-шаралар кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік танытуға ықпал етеді. Ашық диалог, шығармашылық тапсырмалар мен өмірлік жағдайларды талқылау арқылы оқушылар өз шешімдерінің маңызын түсініп, әділетті қоғам құрудағы өз рөлін ұғынады.
Таза болашақ бүгінгі адал әрекеттен басталады. Заңды құрметтейтін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын және әділдік қағидаттарын ұстанатын ұрпақты тәрбиелеу — құқықтық әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды бөлігі.
