Маңғыстау облысында «суретші» қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Маңғыстау облысында наркограффити «суретшісі» қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылы 5 қазан күні сағат 11:15 шамасында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 31а шағын ауданы, 18 үйдің жанында 39 жастағы Ресей азаматын «Telegram» желісінде есірткі саудалайтын топтың жарнамасы бар граффити жазбасын жазу кезінде ұстады.
Еске сала кететін жәйт, аталмыш жарнама парақтары ілініп тұрған тұрғын үйлердің тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы өз наразылықтарын білдірген болатын.
Күдіктіні ұстау барысында интернет-дүкеннің мекен-жайлары көрсетілген граффити салуға арналған үш трафарет, дүкендер жарнамасы бар парақшалар (40 данадан астам), қара түсті бояу бүріккіштері (бес дана), екі жұп резеңке қолғап және ұялы телефон тәркіленді.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 299-1-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.
Құрметті азаматтар, Маңғыстау облысы Полиция департаменті кез-келген теріс қылықтың қоғам өмірінің қай саласында жасалуы, келтірген зиянының сипаты және тиісті құқықтық санкциясының ерекшеліктеріне байланысты әкімшілік, тәртіптік, азаматтық құқық бұзушылықтарға жіктелініп, заң аясында жауапкершілік көзделгендігін қаперлеріңізге береді.