Маңғыстау облысында тұрғын үймен бірлескен тағы бір учаскелік пункт ашылды
Маңғыстау облысында тұрғын үймен бірлескен тағы бір учаскелік пункт ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының «жұртқа жақын полиция» қағидатындағы учаскелік полиция инспекторларына жүктелетін міндет – тұрғындарға жақындай түсу, олар үшін қолжетімді болу, азаматтардың құқықтарын қорғай білу. ҚР ішкі істер министрінің тапсырмасын және «Нұр Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты жол картасы бағдарламасын орындау мақсатында Маңғыстау облысының департамент бастығы Жанарбек Бақтыбаевтың нұсқауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына және ҚР Конституция күніне мерекесіне орай Бейнеу ауданында тұрғын үймен бірлескен учаскелік пункт қолданысқа берілді.
31 тамыз күні учаскелік полиция пунктінің ашылуы өткізіліп, жиынға департамент бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов, аудан әкімі Бейнеубек Әбілов, аудандық мәслихат хатшысы Қуан Мансуров, «Nur Otan” партиясы Бейнеу аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Тұралы Жолышов қатысты.
Жиында алғысөз сөйлеген Болатбек Ақшауов:
– Бұл ғимараттың ерекшелігі – соңғы үлгідегі құралдармен, ғаламтормен жабдықталған және учаскелік полиция инспекторының отбасымен бірге тұрып жұмыс жасауына жағдай жасалған. Бұл азаматтардың тәуліктің кез-келген уақытында полицияның көмегіне жүгінуге қолайлы. Полицияға осындай қолайлы жағдайлар жасалып жатқаннан кейін, тәртіп сақшылары да өздеріне жүктелген міндетті адал әрі абыроймен атқаратындығына сенім білдіреміз, – деп атап өтті.
Жергілікті атқарушы органдардың күш біріктіруімен салынған жаңа учаскелік пунктте полиция қызметкерінің және оның отбасының өмір сүру жағдайлары қарастырылған. Аймақтағы орын алатын оқиғаларға тез әрекет етіп, оқиға орнына жедел жету және сол аймақтың бір тұрғыны болып, халыққа тағы да бір қадам жақындай түсу – тұрғын үймен бірлескен пункттің ерекше тұсының бірі.
Жанындағы тұрғын үйден бөлек, аталмыш пункт үш бөлмеден тұрады. Барлық бөлме заманға сай техникалармен толық жабдықталып, қолайлы жұмыс жасау үшін арнайы базалардың барлығы дерлік орнатылған.
Бейнеу ауданының жалпы халық саны 70 мыңнан жоғары, барлығы 18 жауапты учаскелік инспектор қызмет атқарады. Ал осы ашылып жатқан №5 учаскелік пункттегі учаскелік полицейлер 11 мың тұрғынға қызмет көрсететін болады.
– Ішкі істер органдарында 2016 жылдан бері қызмет атқарамын, учаскелік полиция ретінде қызметте болғаныма бір жыл болды. Пункт жанынан салынған тұрғын үйге ие болу мүмкіншілігі туды. Тұрғын үй мәселесінің шешілуі, маған жұмыс істеуге деген ерекше құлшыныс берді. Сол жасалған жағдайларға сай өнімді еңбек етуге міндеттіміз, – деді Бейнеу селосының учаскелік полиция инспекторы Қалдыбай Өтемісов.
Шараға қатысқан қонақтардың барлығы іргелес тұрғын үйге кіріп, жаңа қоныстарымен құттықтады. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторына қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.
Тұрғын үй табысталған учаскелік инспектордың ата-анасы Полиция департаментінің басшылығына және барша қолдау көрсеткен жандарға алғыстарын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.